Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

ЖАС ДІНИ ЛИДЕРЛЕР ФОРУМЫ

Жас діни лидерлер форумы –  Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі аясындағы халықаралық жастар платформасы. Форум түрлі конфессиялардың өкілдерін, халықаралық және қоғамдық ұйымдарды, болашағынан зор үміт күттіретін жас ғалымдар мен саясаткерлерден құралған жастар буыны арқылы дінаралық және мәдениетаралық диалогтың сабақтастығын қамтамасыз ету үшін құрылған. Жас лидерлердің Съез қызметіне қатысуы алдағы жылдарда конфессияаралық диалог дәстүрлерін сақтаудың кепілі болып табылады.

Форумның бастауы

Форум тұңғыш рет 2024 жылғы 9 қазанда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі шеңберінде жастардың жаңа платформасы ретінде өтті.

Форум идеясы 2022 жылы өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі барысында ресми қолдау тапты: Съезге қатысушылар жастардың қатысуын және Съез шеңберінде Жас діни лидерлердің форумдарын тұрақты өткізуді бірауыздан қолдады.

Бұл шешім Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Съездің XXI Хатшылығында қабылданған «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың 2023–2033 жылдарға арналған тұжырымдамасы» құжатында бекітілді.

Тұжырымдамада келесі буын лидерлері де бірлесіп әрекет етіп, адамзаттың жаһандық мәселелерін шешуге ықпал етуі үшін дінаралық және мәдениетаралық диалогта ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету қажеттілігі баса айтылды.

Бастама Форум қызметіне жастардың кең ауқымын – әртүрлі конфессия өкілдерін, халықаралық және қоғамдық ұйымдарды, белсенді жас ғалымдар мен саясаткерлерді шақыруға бағытталды.

Осылайша, Форум Съездің көпжылдық жұмысының заңды жалғасы және жастар арқылы дінаралық диалогтың сабақтастығы міндетін іске асыру құралына айналды.

Форумның мақсаттары:

  • Жастардың жетістіктерімен алмасу және диалог үшін платформа құру, сондай-ақ жас ұрпақтың алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылау;
  • Рухани және қоғамдық лидерлердің жаңа буынын тарту арқылы дінаралық және мәдениетаралық диалогтың сабақтастығын нығайту;
  • Жаһандық сын-қатерлерге (технологиялық, экологиялық, әлеуметтік және этикалық) жауап ретінде жас лидерлердің бірлескен бастамаларын әзірлеу.

Басты басымдықтар:

  • Әр түрлі діндер мен мәдениеттер жастарының өзара іс-қимылының негізі ретінде бейбітшілікті, өзара сыйластық пен толеранттылықты бекіту;
  • Діни бірегейлікті, әсіресе жастар арасында қақтығыстарды тудыру үшін пайдаланудың алдын алу;
  • Діни бірлестіктердің жас лидерлері арасында ашық диалог, сенім мен ынтымақтастық мәдениетін дамыту;
  • Жастармен тікелей өзара іс-қимыл жасау арқылы аға буын діни лидерлерінің құндылықтары мен тәжірибесінің сабақтастығын қамтамасыз ету.

Форум міндеттері:

  • Съездер шеңберінде және одан тыс жас діни лидерлердің кездесулерін тұрақты түрде өткізу;
  • Дінаралық диалог саласындағы бастамалар мен жобаларды үйлестіру үшін тұрақты жұмыс істейтін жастар платформасын/желісін құру;
  • Жастар, бейбітшілік және диалог мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен (БҰҰ, Өркениеттер альянсы, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, «Діндер бейбітшілік үшін», ДИЛ, Мұсылман ақсақалдар кеңесі және т.б.) ынтымақтастық;
  • Қатысу форматын кеңейту: тек жас дін қызметкерлерін ғана емес, сонымен бірге ғалымдарды, сарапшыларды, саясаткерлерді, БАҚ өкілдері мен жастар ұйымдарын тарту;
  • Жастар арасындағы діни-мәдени қақтығыстардың алдын алу бойынша тәжірибе және үздік практикалармен алмасу;
  • Жас лидерлердің дін, этика және жаңа технологиялар (соның ішінде ЖИ) мәселелеріндегі цифрлық және медиа сауаттылығын дамыту.

Форум хронологиясы

2024–2026 жылдар аралығында Астанада Жас діни лидерлердің екі Форумы өтті. Бұл кездесулер әртүрлі діндердің жас өкілдері, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері арасындағы диалогтың маңызды халықаралық платформасына айналды.

Форумдардың жұмысына ислам, христиан, иудаизм, буддизм және басқа да конфессиялардың өкілдері, сондай-ақ халықаралық және қоғамдық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ құрылымдары, Өркениеттер альянсы, ұлттық діни бірлестіктер мен жастар қозғалыстары қатысты.

Қатысушылар арасында жас рухани лидерлер, дінтанушы-ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері, саясаткерлер, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы сарапшылар, журналистер мен жастар ұйымдарының белсенділері болды.